2025 жылдың 20 ақпан күні Қобда білім бөлімінің ұйымдастыруымен, Қобда білім бөлімінің кәсіподақ ұйымының қолдауымен облыстық «Үздік қосымша білім беру педагогі - 2025» байқауының аудандық кезеңі өткізілді.
Байқаудың мақсаты - шығармашылықпен жұмыс жасайтын ой - өрісі кең, өзінің авторлық жаңашыл идеясы бар, шеберлігі жоғары, жан - жақты дамыған мұғалім мәртебесін көтеретін ерекше тұлғаны анықтау, мұғалімдердің өз кәсіби құзырлықтарын жетілдіруге ынталандыру, озық педагогикалық іс-тәжірибелерді насихаттау, тарату болып табылады.
Үш бөлімнен тұратын байқауда Қобда балалар өнер мектебі мен Қобда аудандық оқушылар үйінің педагог мамандары «Таныстыру», «Ұстаз еңбегі-шәкірттің жемісінде», «Шеберлік сабақ» кезеңдері бойынша креативтілік пен даралылықты, білімділік пен жанашылдықты таланты мен шығармашылық біліктіліктерін көрсетті.
Байқауға қазылық еткен, Қобда білім бөлімінің кәсіподақ ұйымының төрағасы - Қ.Ж.Ибраев, Қобда білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің әдіскерлері- Б.М.Истлеуова және Г.Е.Нурпеисова. Байқаудың басын «Көроғлы» күйімен ашқан «Jas Art» этно-фольклорлық ансамблі болса, байқау барысында Қоңырбай Жанерке «Керек бізге тыныштық», Алпамыс Сымбат «Аққу арман» әндерімен тамаша өнерлерін көрсетті.
Қосымша білім беру педагогтары арасында өткен қызықты да, тартысты байқаудың қорытындысы бойынша Бас жүлде- А.Білалов, І орын - Ж.Сати, ІІ орын - А.Мұхамбеталина мен Ж.Майланова, ІІІ орын - А.Мандыбай, Б.Дармагамбетова, А.Тұрарова, Алғыс хат - Х.Уандаг, А.Балмурзиева ие болды. Барлық қатысушы педагогтар Қобда білім бөлімінің басшысы - Т.Абеннің және Қобда білім бөлімінің кәсіподақ ұйымы төрағасы - Қ.Ибраевтың арнайы жүлделі дипломдары мен алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай - ақ, Бас жүлде иегері мен І орын иегерлеріне Түркістан, шипажайға жолдама табысталды және бүгінгі байқаудың Бас жүлде иегері облыстық кезеңде аудан намысын қорғайтын болады.